Қазақстан • 03 Ақпан, 2018

Алматыда  «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумы өтті

661 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматы төрінде Мемлекет басшысының бастамасымен  «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумы өтті. Цифрландыру жүйесінің сан саласындағы негізгі тақырыптарды саралап берген алқалы жиынға әлем елдерінің IT саласындағы жетекші мамандар мен Ресей, Армения, Белорусь, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің Үкімет басшылары қатысты. 

Алматыда  «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумы өтті

Техника қарыштап дамыған тұста барлық саланы сандық жүйеге көшіру уақыт талабына айналғаны рас. Бұл біздің өмірімізді өзгертіп, жұмысымызды жеңілдететін қуатты күш екені Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да айрықша айтылды. Өткен жылдың қазан айында Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында ЕАЭО қатысушы мемлекеттердің басшылары цифрлық күн тәртібінің 2025 жылға дейінгі басты бағыттарын бекітіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО экономикасын цифрландыру бойынша арнайы кездесу өткізу туралы идеясын ұсынған болатын.  Елбасы бастамасын қолдаған әлемдік сарапшылар бүгінгі форумды тәжірибе алмасудың ортақ алаңы деп бағалады. 

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жиынға қатысушы қонақтарға алғысын білдіріп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына жолдаған ыстық лебізін жеткізді.

– Құрметті форум қатысушылары, «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумына қош келдіңіздер. Әлемде жылдам әрі түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Тиімді цифрландыру шаралары ұлттық экономиканың қарқынды дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналуда. Әлемнің озық елдері, олардың G-20 және Еуропалық Одақ секілді бірлестіктері өздерінің Цифрландыру бойынша стратегиялық құжаттарын қабылдады. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ та 2025 жылға дейінгі Цифрлық күн тәртібін қабылдады. Бүгінгі Форум аталған күн тәртібін іске асырудың маңызды қадамы. Ортақ нарықтың болуы цифрландыру мәселелерінде  бірлескен тәсілдер мен шараларды әзірлеуді талап етеді. Күштерді жұмылдыру Еуразиялық экономикалық одақтың  тұтастай және әр елдің жекелей дамуы үшін синергетикалық тиімділікті қамтамасыз етеді. Бұл іс-шара қажетті шешімдерді әзірлеуге және ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Форумның барлық қатысушысына жемісті еңбек және алға қойған мақсаттарына қол жеткізуді тілеймін, – делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың хатында.

Бүгінгі таңда Төртінші өнеркәсіптік революция технологияларын қолдану мен цифрлық салаларды дамытуға  әлем елдері ерекше  мән беріп отыр.  Жиында сөз алған үкімет басшылары еліміздің бұл бағыттағы бастамалары  көпке үлгі екенін айта келе, өз мемлекеттерінде осы сала бойынша атқарылып жатқан шаруалар тізбегіне тоқталып өтті. Белорус Үкіметінің басшысы Андрей Кобяков өз сөзінде кешегі армандауға да қорқатын жайттардың бүгін таңғажайыпқа  айналғанын айтып, аталған міндеттерді соңына дейін жеткеру үшін бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығы ерекше екенін жеткізді.  Оның ойынша IT кластерге басымдық беру алғашқы орында тұруға тиіс және ол үшін ЕЭО  мүше елдердің даму ерекшеліктері ескерілген ортақ бағдарлама керек.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде, Қазақстан биыл екінші жыл цифрлы технологияларды енгізуге күш салып жатқанын, онда тек экономика ғана емес, электронды Үкімет, агросектор, көлік, энергетика, білім, кәсіпкерлік және өзге де жүйелер қамтылғанын айтты. Сондай-ақ, үкімет басшысы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, еліміз алдағы төрт жылда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға 310 млрд теңге жұмсамақ. Ол соманың 169 млрд теңгесі квазимемлекеттік субьектілердің есебінен алынса, 141 млрды республикалық бюджеттен бөлінеді. Қазіргі таңда 15-тен астам ел сандық технологияларды  қарқынды түрде қолданысқа енгізіп жатыр. Қазақстан да бес бағыт-бағдардан тұратын мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп, дамудың жаңа сатысына шығуды көздеп отыр. Жоба ойдағыдай іске асса 2025 жылға қарай салық түсімін 1,7-2,2 трлн теңгеге жеткізіп, 300 мың адамды жұмыспен қамтуға жол ашылмақ.

– Біз алдымызға зор міндет қойдық – жақын арада барлық мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды тәсілмен берілетін болады. Мұндағы өте маңызды мәселе – инфрақұрылым. Қазақстанның территориясы өте үлкен. Біз барлық қалаларда инфрақұрылымды, яғни интернетті толық қамтамасыз етеміз. Ауыл тұрғындарының 43 пайызы, 7 мыңға жуық ауылдық елді мекенде интернет жылдамдығы жеткілікті деңгейде, бұл өте маңызды – деді Бақытжан Сағынтаев.

Форумның пленарлық сессиясының жұмысы барысында өз пікірлерін ортаға салған Армения Республикасының премьер-Министрі Карен Карепетян, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сапар Исаков, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведев, Өзбекстан Республикасының   Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Махмадтоир Зоир Зокирзода бүгінгі жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ел Үкіметіне ризашылықтарын білдіріп, мұнда талқыланған әр мәселе цифрландыру саласының дамуына серпін беретінін айтты.

Осы ретте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің бұл тұрғыдағы бірқатар жетістіктерін саралап айтуға  болады.  Халықаралық рейтингтерге сәйкес Әзірбайжан онлайн қызметтер мен инфрақұрылымды дамыту бойынша жақсы көрсеткіштерден көрінсе, Қырғызстан 2016 жылдан бастап онлайн қызметтер мен адами капитал бойынша көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартқан. Көршілес Өзбекстан да ашық деректер порталы бойынша және ТКШ, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын және тағы басқа жобаларды қоғамдық талқылау жүйесін қоса алғанда бірнеше электрондық платформаларды іске қосқан. Ал халықтың технологияға қолжетімділігін қамтамасыз ету және  электрондық қызметтер мен сервистер бойынша Ресейдің жақсы көрсеткішін атап айтуға болады. 

Бұл тұрғыда еліміз электронды цифрлық қолтаңбаны қолданумен электронды үкімет бірыңғай порталында электрондық мемлекеттік қызметтерді енгізуді алғашқы болып бастаған ТМД елдерінің санатында.  Мәселен, жүйелік іс-шаралар нәтижесінде  халықаралық сарапшылардан оң баға алған бірқатар Отандық жобалардың орны бөлек. Мысалы, БҰҰ 2016 жылғы рейтингісінде «электронды үкіметтің» даму деңгейі бойынша Қазақстан әлемнің 193 елінің арасында 3 орынға ие. Ал, ӘЭФ есебінің жүйелік даярлығы индексі бойынша 2016 жылдың қорытындысына сәйкес еліміз 139 мемлекеттің ішінде 39 орынға ие болған.

Жылдамдықпен жаңа идеяға ұмтылу жаһанға тән құбылыс. Осыған орай IT мамандардың сапасын арттыру, спутниктік технологияларды толықтай игеру жұмыстары әрдайым басты назарда. Ең алдымен бұл бәсеке сенімділікті қажет етеді.  Цифрлы әлем экономикалық, әлеуметтік кедергілерді жойып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Басқосудың салалық сессиясында  сөз сөйлеген Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев Елбасы атап өткен, цифрландыру және инновацияларды енгізу - ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен халықтың өмір сапасын жақсартудың басты шарты екенін айтты.

Сондай-ақ, Форумның тақырыптық сессиясында сөз алған Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев жаһандық деңгейдегі бұл басқосудың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынғанын айтып, Еуразиялық экономикалық одақ елдерін кешенді цифрландыру осы жиыннан бастау алу керектігін атап өтті.

Мамандардың пікірінше мұнда қабылданған түрлі мәмілелер мен цифрландыру бойынша қолға алынған жұмыстар 2025 жылға қарай өз жемісін береді. Цифрландыру саласындағы кеңістіктің ең озық мамандары бас қосқан айтулы жиын көптеген ой-пікірлерді бір арнадан тоғыстырып, алдағы уақытта қолға алынуға тиіс негізгі бағыттарды жіпке тізіп берген тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықтың бірегей алаңына айналды деуге негіз бар.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ